Қазақстан тарихына жаңалық әкелген еріктілер

KZ
«Жайық Пресс» медиа холдингіне қарасты басылымдардың 95 жылдығына дайындалған Жантас Набиоллаұлы газеттер тарихын зерттеймін деп, қазақ публицистикасында мүлдем еленбеген «Ұран», «Қазақстан» сияқты көне газеттерді анықтады. Зерттеу кезінде Абайдай зиялы, Шәкәрімдей ойшыл, ел келешегін көксеп, республикалық деңгейде газет шығарған Ғұмар Қараш атты ғұлама жайлы деректерді елге әкелді. Тарих жайлы ақпарат араб тілінде болғандықтан, еріктілерді бір ортаға топтастырған Жантас сырға толы «құлпытастарды» зерттейді. Елінің тарихына тың жаңалық ашып, әсіресе «Қазақ хандарының» құлпытастарына тап боламыз деп ойламаған еріктілер, 3000 құлпытас жайлы жинақ шығарып, Қазақстан тарихына өзгеріс әкелді. Олардың ендігі мақсаты – XVIII-XX ғасырдағы қазақ мәдениетін, әлеуметтік жағдайын сипаттайтын "метіркелерді» зерттеу. Уфаның орталық мұрағатында жатқан 71 000 құжат ұлт сауаты, тұрмысы, салт-дәстүрі мен қандай құқықтық мемлекет құрғаны жайлы жаңа дерек береді.