2 жылдан бері гирудологияға қызыққан Әйгерім Құрманбайқызы жазғы каникул кезінде де лабораториядан шыққан жоқ. Астана қ. 10 сынып оқушысы сүлік сілекейінің сүт безінің қатерлі ісігіне қалай әсер ететінін зерттеді. Сүлік сілекейін таза күйінде алудың өзіндік әдісіне қол жеткізген жас ғалым, оның қатерлі ісік жасушаларын азайтатынын дәлелдеді. Алдымен қатерлі ісік жасушасына 8 микро грамм милли литр сүлік сілекейін тамызғанда қатерлі ісік жасушалары 15% азайды, ал 40 микро грамм милли литр тамызғанда олар 35% азайды. Осылайша Әйгерім Құрманбайқызы сүлікте қатерлі ісікке әсер ететін құпия компанент бар деген тұжырымын дәлелдеді. Бұл зерттеуін ол регенеративтік медицинадан өткен халықаралық конференцияда қорғады. Жас ғалымның ойынша, біз өз ағзамыздың мүмкіндігі мен күшін сезініп, адамның денесінде және табиғатта жасырылған барлық потенциалды түсіне білуіміз керек, сол кезде қатерлі ісік сияқты ауруларды жеңе аламыз. Әйгерім Құрманбайқызы - елордадағы №66 мектеп-лицейдің оқушысы, республикалық "Менің арманым» зияткерлік байқауының финалисі. Сүлік сілекейінің обырға қарсы қасиеттерін, атап айтқанда, сүт безіндегі ісік жасушаларына әсерін зерттеумен айналысқан. Зерттеу жұмыстарын ол Назарбаев Университеті жанындағы жасуша технологиялары зертханасында жүргізді. Әйгерім өзі айналысып жатқан ғылыми жобаның келешегі зор деп есептейді. Болашақта дәрігер болуды армандайды, ғылыми жұмыстармен айналысқысы келеді.